Жалпы білім беретін №39 орта мектебінде «Өзіңді-өзің таны» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды мектеп басшысы А. Куанбаева жүргізді.
Іс-шара барысында өзін-өзі тану ұғымына жан-жақты түсінік беріліп, адамның мінез-құлқын түсіну, жеке құндылықтарды айқындау, қабілет пен әлсіз тұстарды мойындау, өмірлік мақсатты сезінумен тығыз байланысты екендігі атап өтілді. Сонымен қатар өзін-өзі тану — бір сәттік емес, үздіксіз жүретін үдеріс екені айтылды. Адам өзін таныған сайын сабырлы болатыны, өзіне деген сенімінің арта түсетіні және нақты шешімдер қабылдай алатындығына мектеп басшысы ерекше тоқталып өтті.
Семинардың практикалық бөлімінде «Мен кіммін?» атты жаттығу ұйымдастырылып, мұғалімдер өздерінің ішкі әлеміне үңіле отырып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ұстаз бен басшы үшін өзін-өзі тану кәсіби жетілудің негізі екені атап өтілді. Өзін жақсы таныған педагог өз эмоциясын басқара алады, күйзеліске берілмейді және кәсіби қызметінен мән таба білетіндігі өмірлік мысалдармен өрілді.
Сондай-ақ өзін дамытудың қарапайым әрі тиімді жолдары ұсынылды. Атап айтқанда: өз-өзіңе сұрақ қою, кітап оқу, кері байланысты қабылдау, қателіктен сабақ алу және нақты мақсат қою мәселелеріне назар аударылды. Семинардың практикалық бөлімде мұғалімдер өз бойындағы құндылықтар мен жетілдіруді қажет ететін тұстарын айтып, оларды дамыту жолдары жөнінде ой бөлісіп, белсенділік танытты.
Семинар барысында «Кешегі қандай болғаның емес, бүгінгі таңдауың мен ертеңгі бағытың маңызды» деген ой өмірлік мысалдар арқылы тереңдетіле жеткізілді.
Іс-шара «Өзіңді таны — өз жолыңды табасың. Өзіңді қабылда — дамуға жол ашасың» деген қорытынды оймен түйінделді.

